Баспасөз орталығы

Түзету мекемесіндегі қоқан-лоққы жасап, ұратындар заңмен қорғалған

Түзету мекемесіндегі қоқан-лоққы жасап, ұратындар заңмен қорғалған

Қылмыстық кодекстің 429 бабында ондай адамдарға қарсы әрекет үшін тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
"Абақтыға түскендерді азаптаған полицейлердің 10 пайызы ғана сотталады". Бұл құқық қорғаушылардың дерегі. Түзету мекемелерінің қызметкерлерінен бөлек, жазасын өтеушілер арасында да өзгелерге қоқан-лоққы жасап, тіпті күш көрсететіндер де бар екен, деп хабарлайды Atameken Business телеарнасы.

Олар заң аясында қорғалған көрінеді. Жуырда ғана жазасын өтеп шыққан азамат бүгін осындай шындықты жайып салды.

"Қорқытқан жағдай болды ғой. Мені тіпті ұрғылады ғой. "Фотоаппарат" деп аталады. Қолыңа резеңкені қойып, резеңкемен ұрады қолыңнан. Сотталғандар. Алақанға тиген кезде көзіңізден жас шығады. Соны "фотоаппарат" деп атайды", - дейді Астана қаласының тұрғыны Арман Сәндібаев.

2 ай бұрын ғана босап шыққан Арман Сәндібаев түзету мекемесіндегі 6 жылын осылай еске алады. Өзі айтқан заңсыздықты істеген жазасын өтеушілерді "заң қорғайды" деп отыр. Себебі олар "мекеме әкімшілігінің ерікті көмекшілері" деген мәртебеге ие екен. Қылмыстық кодекстің 429 бабында ондай адамдарға қарсы әрекет үшін тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сол себепті қорлыққа шыдамағандардың дені өз-өзіне қол салатын көрінеді. Заңгерлер болса "арызданыңыз" деп отыр.

"Мұндай фактілер бойынша қанша уақыт өткені маңызды емес. Арызданыңыз. Біздің заңгерлер мен сарапшылар цифрлық құралдардың көмегімен құқықтарыңызды қорғауға барын салады", - деп атап өтті Expert Independent Research Institute қоғамдық қорының директоры Мирхат Серікбаев.

Алайда, арызданған күннің өзінде азаптаушыларды айыпты ету оңай емес екен. Былтырғы қаңтар оқиғасы кезінде құқық қорғау органдары "бүлікші" деп жарты әлемге жария еткен қырғызстандық әншінің ісі әлі аяқталмай отыр. 1 жылдан аса уақыт өтсе де көрші елдің азаматын кім азаптағаны анықталмаған.

"Осы жылдың басында "азаптау" бойынша істер арнайы прокурорлардың қарауына өтті. Ештеңе өзгермеді. Азаптағандар анықталмады. Бүгін жәбірленуші тарап пен күдіктілерді беттестіру керек болған. Алайда тергеу тобының бір прокуроры адвокатқа қысым көрсетіпті. Адвокат "сіздер азаптау фактісін тергеуге емес, беттестіруге келген ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерін бүркемелеуге ұмтылатын сияқтысыздар" деген ойын айтып отыр", - деді "Қадір-қасиет" қоғамдық бірлестігінің директоры Анар Ибраева.

Бұдан бөлек азаптау істері бойынша "жария етпеу" туралы қолхатқа қол қойғызып алады екен. Яғни, ұсталған азаматтарға қорлық көрсеткендер туралы ақпаратты айтуға болмайды деген сөз. Содан болса керек, қаңтар оқиғасына байланысты көп мәлімет жоқ.

"Былтырғы "Қаңтар оқиғасы" бойынша арыз берген азаматтардың саны өте көп екендігін, бірақ та сотқа кеткен қылмыстық істердің проценттік мөлшерлемесі 5 пайызға да жетпейтіндігі туралы ғана ақпарат бар. Ал нақты саны, фамилиялары жоқ. Ол прокуратура органдарында ғана", - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан.

Қазақстанның құқық қорғау органдарының жұмысына көңіл толмаса Біріккен ұлттар ұйымының азаптауға қарсы комитетіне шағымдана аласыз. Алайда, ол ұйым жазған шешімдерді біздің ел аумағында орындамауға да болады. Өйткені, тиісті заң әлі қабылданбаған.
Источник https://inbusiness.kz/kz/last/tuzetu-mekemesindegi-kokan-lokky-zhasap-uratyndar-zanmen-korgalgan
Біз туралы БАҚ